Қызылордада вакцина алғандардың денсаулығына шағымы жоқ - Жангелді Шаймбетов

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетов коронавирус инфекциясына қарсы вакцина қабылдаудың маңызы зор екенін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысында бүгінге дейін коронавирус инфекциясымен 3675 науқас тіркелген. Олардың 96,6 пайызы толықтай емделіп шықты. Өткен тәулікте 9 жағдай анықталған. Инфекциялық стационарда 27 науқас жатқызылса, оның 2-уі жансақтау бөлімінде ем қабылдауда.

«Облыста қатерлі індетке қарсы екпе егу 1 ақпаннан басталды. Өңірге ресейлік «Спутник V» ресейлік вакцинасының 1000 дозасы жеткізілген. Екпе егу алғашқы кезеңде медицина саласының қызметкерлеріне жүргізіледі. Оның ішінде қабылдау, жұқпалы аурулар, жансақтау және хирургиялық бөлім қызметкерлеріне жүргізілуде. Ал келесі кезеңде мұғалімдерге және жұқтыру қаупі неғұрлым жоғары жұмыс орындарының қызметкерлеріне салынады. Қазірге дейін барлығы 680 вакцина салынды. Алғашқы он күнде ол 640 адамды қамтыса, соңғы тәулікте олардың қатарына тағы 40 адам қосылды. Барлығы дәрігерлер бақылауында, денсаулығына шағымы жоқ. Мына әлемді жайлаған індеттің таралу қаупін тек екпе салдыру арқылы ғана төмендете аламыз. Сол себепті барша халықты коронавирустан қорғану үшін екпе салдыруға шақырамын», - деді Жангелді Шаймбетов.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын Қызылордада он күнде 640 адам екпе салдырғанын хабарлаған едік.

1 ақпаннан бастап Қазақстанда жаппай вакциналау басталды. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы егу тегін жүргізіледі.

Коронавируспен ауырған адамның антиденелер титрі жоғары болса және ұзақ уақыт сақталса, вакцина салудың қажеті жоқ. Ал егер антидене титрі уақыт өте келе төмендесе немесе төртінші, алтыншы айда нөлге дейін түссе, онда иммундау мәселесі туындауы мүмкін.

Вакциналау туралы толық ақпаратты ҚазАқпарат агенттігінің арнайы айдарынан оқуға болады.