ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 22 сәуірге дейін бірінші компонентімен 21057 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде қатерлі індетке қарсы екпе қабылдау ақпан айының алғашқы күнінен басталған еді.
Өңірге бүгінгі күнге дейін 21100 доза жеткізілді. Олардың арасында 15500-ы облыс орталығына, қалғандары аудандардың үлесіне тиесілі.
«Тұрғындардың вакцина салдыру шарасы қаладағы 8 емхана және өзге де медициналық мекемелерде жүргізілуде. Ал аудандарда негізінен аудандық аурухана жанында атқарылуда.
Вакцина салдыру бойынша Жаңақорғанда - 1170, Арал мен Қазалыда - 1110 адам екпе қабылдаса, ол Шиеліде -710, Қармақшы, Жалағаш, Сырдарияда - 500, Байқоңырда 350 адамды құрайды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.
Иммундау шаралары жүргізіліп жатқан екпе кабинеттері тиісті температуралық режимі бар қажетті тоңазытқыш жабдығымен, термоконтейнермен толық қамтамасыз етілген.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.