Қызылордада VIII «Байқоңыр Инвест» форумы өтеді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қараша айының 17-18 жұлдызында Қызылорда және Байқоңыр қалаларында кезекті VIII «Байқоңыр Инвест» инвестициялық форумы өтеді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық әкімдікке сілтеме жасай отырып хабарлады.

Форум аясында аймақтың инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған бірнеше маңызды меморандумдарға қол қою жоспарланып отыр.

«Форумға еліміздің барлық аймақтарының және шет мемлекеттерден 100-ден аса бизнес-қоғамдар, банк секторлары, мемлекеттік органдар, даму институттары, ұлттық компаниялар, ғылыми-зерттеу институттары және Иран, Ресей, Германия, Швейцария, Франция, АҚШ, Қытайдың дипломаттық өкілдері қатысады деп күтілуде», - дейді облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким.

Атап өту қажет, форумға Әзербайжан, Беларусь, Бельгия Корольдігінің дипломатиялық корпус өкілдері және Өзбекстаннан ресми делегация алғаш рет қатысатын болады.  Форум қатысушылары үшін дәстүрге айналған шаралар бұл жолы да ұйымдастырылады. Осы шаралар арқылы олар Қорқыт ата кешені және «Байқоңыр» ғарыш айлығымен танысып, «Союз МС-03» зымыранының ұшырылу сәтін көруге мүмкіндік алады.