ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда көлік прокуратурасы автокөліктердің заңсыз техникалық байқаудан өткізілгенін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Автомобиль көлігі туралы заңнамаға сәйкес, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда міндетті техникалық байқауды тек қана стационарлық желілер жүзеге асырады. Мобильді желілер қаладан тыс жерде жұмыс істеу үшін жабдықталған және тек қана жеңіл автокөлік құралдарын техникалық тексеруге арналған.
Белгіленген талаптарды бұзған мобильді операторлар - жеке кәсіпкер Л.А. Ким мен Н. Жайназаров тізілімде тіркелген кезден бастап Қызылорда қаласының ішінде 128 техниканы, сонымен қатар 7 жүк және 4 жолаушы автокөлігін техникалық байқаудан өткізген.
«Прокурорлық қадағалау актісі бойынша техникалық байқаудың мобильді бекеттерінің қызметі тоқтатылды, операторлар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір заңсыз берілген диагностикалық карталардың қолданысын тоқтату мәселесі қарастырылуда», делінген хабарламада.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.