ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада жергілікті тұрғындардан ақшаны алдап алған алаяқ пен оның сыбайласына сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш қылмыстық іс Қызылорда қалалық №2 сотында қаралды. Алаяқ пен оның сыбайласы жәбірленушілерге 15 млн теңге көлемінде шығын келтірген. Олар алаяқтыққа байланысты алдын ала уағдаласып, сол арқылы әрекет еткен. Жәбірленушілер арасында 3 млн теңге көлемінде ақшасынан айрылғандар бар.
Дегенмен оңай жолмен олжа іздегендер алысқа бара алған жоқ. Жасаған қылмыстары үшін сот алдына келді.
Сот залында алаяқтық жасаған жігіт өз ісіне өкінетінін жеткізді. Жәбірленушілер алдында кешірім сұрады.
Қызылорда қалалық №2 сотының судьясы Балғабай Жаңабаев оқыған үкім бойынша алаяқ 4 жыл 6 ай уақытын түрмеде өткізетін болды. Ал оның сыбайласына 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.