Қызылордада жақында жүзге толған полковник қайтыс болды

ҚЫЗЫЛОРДА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында жасы жақында ғана жүзге толғаны кең көлемде аталып өткен соғыс және еңбек ардагері, отставкадағы полковник, журналист Сүлеймен Сейітов қайтыс болды.

Кезінде Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан даласынан полковник шенінде оралған Сүлеймен аға ұзақ жыл бақытты да мәнді өмір сүрді. Ол Қазақстанның үш өңірінің - Ақтөбе, Ақмола және Қызылорда облыстарының газеттерін басқарды. Зейнет демалысына Қызылорда облыстық полиграфия және баспа істері жөніндегі комбинаттың директоры қызметінен шықты. Содан кейін де облыс өміріне белсене араласты.

Таяуда ғана бүкіл облыс жұртшылығы айтулы ардагердің жасы жүзге толғанын атап өтіп еді. Енді, міне, ғасыр жасына жеткен ақсақал бақилыққа да аттанып бара жатыр. Ол өзі бастан-аяқ қатысып, жалауын желбіреткен жеңістің 67 жылдық мерекесіне санаулы күндер ғана жете алмай қалды. Ардагерді ақтық сапарға шығарып салуға арналған қаралы жиын облыс орталығындағы «Тағзым» алаңында өтті. Оны облыс әкімі сөз сөйлеп ашты. Жиында сондай-ақ облыс ардагерлері кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, марқұмның әйелінің сіңлісі Алма Ақдаулетова, еңбек ардагері Сәмит Далдабаев және басқалар шығып сөйледі.

Соңынан «Алтыншаш» ресторанында марқұмның рухына арналған ас берілді.