ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында жалған ақша жасаған 22 жастағы қызылордалық және 24 жастағы өзбекстандық азамат бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл қылмыстық оқиға Қызылорда қалалық №2 сотында қаралды. Екі жігіт заңсыз банкноттарды түрлі-түсті принтердің көмегімен жасап отырған. Олардың заңсыз әрекеті алысқа ұзаған жоқ. Жалған ақша жасаушылар тәртіп сақшыларының қолына түсіп, сот алдына келді.
Аталмыш сот процесі үш айға созылған. Сот барысында олар 5 мың теңгенің нақ көшірмесін интернет арқылы тапқанын айтады. Оны кәде сый ретінде шығарғанын айтып ақталды. Дегенмен оны сот негізсіз деп тапты.
«Күдіктілердің бұрын сотты болмағаны ескерілді. Олардың екеуіне де бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деді Қызылорда қаласы №2 сотының судьясы Балғабай Жаңабаев.
Енді олар жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.