ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық прокуратурасы өңірдегі компанияда жалған құжаттармен жұмысқа орналасқан 120 шетелдікті анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық прокуратура осы бағытта тексеру жүргізген болатын. Нәтижесінде еліміздің көші-қон заңын бұзған және жалған құжаттармен жұмысқа орналасқан шетел азаматтары анықталды.
«Жұмыс күшін тартуға заңсыз рұқсат алған компания 120 шетел азаматының жалған дипломмен жұмыс істеуіне жол берген. Тексеру қорытындысы бойныша олардың барлығы республика аумағынан шығарылды», деп мәлім етті Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Ғабит Ұзақбай.
Оның хабарлауынша, түрлі мекемелердің жалақы берешегін азайту бағытында да нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұдан бұрын түрлі мекемелерде жұмысшыларға 150 млн теңге қарыз қалыптасқан. Прокурорлардың араласуынан кейін мыңдаған азаматтың жалақысы өндірілді. Қазір берешек қарыз он есеге төмендеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.