ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласының екі тұрғыны қылмыс жасалғаны жөнінде өтірік айтқаны үшін 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш оқиға өткен жылдың ақпан айында орын алған. Қаланың екі тұрғыны «әкімдік өкілдері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері өздеріне күш көрсетіп, заңсыз бостандығымыздан айырды» деген желеумен Қызылорда қалалық полиция басқармасына арызданған.
«Қылмыс жасалғаны туралы көрiнеу жалған сөз жеткiзгені үшін оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, айыптау актісімен сотқа жолданды. Қызылорда қаласы №2 сотының үкімі негізінде айыпталушылардың әрқайсысына 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Олар пробациялық бақылауға алынды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.