ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында биылғы жылдың 9 айында экономикалық тергеу қызметінің өндірісінде болған 127 қылмыстық іс бойынша 1,6 млрд теңге залал келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында экономикалық тергеу қызметінің өндірісінде 127 қылмыстық іс болған. Олардың арасында 83 қылмыстық іс аяқталып, оның 43-і сотқа жолданды.
«Қылмыстардың сипаты негізінен жалған шот-фактураларды жазу, мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы, мемлекеттік және квази мемлекеттік секторларда бюджет қаражатын жымқыру болып келеді. Сонымен қатар, экономикалық қылмыстар жалған ақша жасаумен, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырумен, акцизделетін тауарлардың заңсыз айналымымен байланысты және салық, кеден саласында анықталуда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық экономикалық тергеу қызметінің баспасөз мамандары.
Аяқталған қылмыстық істер бойынша анықталған залал мөлшері 1,6 млрд теңгені құрап отыр. Оның ішінде тоғыз ай қорытындысымен 790 млн теңгенің залалы өндірілді. Сондай-ақ, 29,8 млн. теңгенің мүлкіне тыйым салынды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.