Қызылордада жаңа құс фабрикасының іргетасы қаланды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қызылорда облысының Қармақшы ауданында аймақ үшін маңызды құс фабрикасының іргетасы қаланды. Кәсіпорын іске қосылғанда жылына 1500 тонна құс еті өндірілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жуырда Ақтөбе ауылында аймақ үшін маңызды кәсіпорынның іргетасы қаланды. Игі бастаманың салтанатты сәтіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, тұрақты сұраныстағы инвестициялық жоба ауылдағы ағайынның әл-ауқатын көтеруге септігін тигізетінін айтқан болатын.

Құс етін өндіретін фабрика алдағы уақытта қармақшылықтардың қажетіне жарамақ. Шаруашылық жетекшісі, «Ақтөбе и К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы негізінде жүзеге асқан жоба жаңа бағыттарды қамтитынын алға тартады.

Шаруашылық құсқа қажетті жем-шөпті өздерінде дайындауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда мемлекеттен ауылдарда жем-шөп көлемін ұлғайту мақсатында егінге қажетті жерлерді ашуға қаржы қарастырылуда. Енді серіктестік алдында осы бағдарлама негізінде жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Кәсіпорын іске қосылғанда жылына 1500 тонна құс еті өндірілмек.

Соңғы жылдары аталған салада кооперативтер құру мен сүт, ет өнімдерінің көлемін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Еске сала кетер жайт, Елбасы өзінің Ұлт жоспары -  бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам еңбегін ет өнімдеріне қатысты нақты міндеттер жүктеді. 61-қадамда:  Ет өндіріс мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту міндетін қойды. Негізгі міндет шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау бопып табылады.