Қызылордада жаңа спорт кешені ашылды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында 800 келушіге арналған «Naman ata» спорт кешені ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында 800 келушіге арналған «Naman ata» спорт кешені ашылды. Онда жас өрендер қазақ күресі, дзюдо, самбо, таэквондо, бокс, грек-рим күресі, каратэ секілді 8 спорт түрімен айналыса алады. Барлық үйірме тегін жүргізіледі. Жаңа спорт кешенінде кәсіби дәрежедегі 14 жаттықтырушы қызмет атқарады.

«Күні кеше қаламызда «Naman ata» спорт кешенінің ашылу салтанатына сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысты. Спорт кешенінің ашудағы басты мақсатымыз – Сыр елінің жастарын салауатты өмір салтына шақырып, өңірімізде спорт саласын дамытуға атсалысу»,- деді спорт кешенін ашуға қолдау көрсеткен меценат Мұрат Сәрсенбаев.

Айта кетсек, барлық спорт түрлеріне бес жастан бастап тегін жазылуға болады.

«Мен таэквондаға 12 жыл қатарынан қатысып келемін. Қазіргі таңда 100-ге жуық қатысушы тіркелді. Балаларды жетістікке жеткізу үшін ынта мен еңбек керек. Үзбей жаттығып тұрса міндетті түрде жетістікке жетеді. Мен үшін жаттықтырушы болудың өзі үлкен жауапкершілік», - деді Нұрай Маратқызы.