Қызылордада жаңа тау-кен байыту комбинатының іргетасы қаланды

ЖАҢАҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында жаңа тау-кен байыту комбинатының іргетасы қаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоба Еуропалық қайта құру және даму банкімен қаржыландырылады. Ол Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы аясында іске асырылуда. Толық іске қосылғаннан кейін кәсіпорында жылына 4 млн тоннаға дейін кен өндіріледі.

Аталмыш шараға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев пен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевпен қатысты. Шара барысында Қызылорда облысы әкімдігі, «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ және «Доберсек» неміс компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды.

«Аталған жоба Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылғанын атап өткім келеді. Жобаны іске асыру Сыр өңірінің экономикасын дамыту ғана емес, республика экономикасын дамытуға қызмет ететін болады», - деді облыс әкімі Қ. Көшербаев.

Айта кетсек, 2016 жылдың мамыр айынан бастап кен орнында кен байыту комбинатының құрылысына дайындық жұмыстары басталған болатын. «Шалқия» кен орнында кен байыту комбинатының құрылысы жобасы Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы аясында жүзеге асырылуда. Жоба құны  -  650 млн АҚШ доллары.

Кәсіпорында құрылыс кезеңінде 1,0 мыңға жуық, ал іске қосылғаннан кейін 1500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады.

Кәсіпорын кенді вертикальды-конвейерлік әдіспен байыту және өндіру бойынша инновациялық әдісті қолданады. Атап өту қажет, ағымдағы жылы 2 қазанда Лондон қаласында «Тау-Кен Самрұқ» АҚ және «Доберсек» неміс компаниясы арасында «Шалқия» кен орнында кен байыту компаниясының құрылысын жүргізу туралы ЕРС-келісімге қол қойылды.

Шалқия - JORC классификациясы бойынша көлемі әлемде дәлелденген және ықтимал қорлар бойынша 5 орындағы және мырыш қоры 6,5 млн. тоннаны құрайтын қорғасын-мырышты кен орны болып табылады. Сонымен қатар, BrookHunt зерттеуші компаниясының мәліметі бойынша Шалқия кен орнындағы мырыш қоры Қазақстан Республикасындағы барлық мырыш қорының 30% құрайды. Аталған кен орнын игеру мырыш нарығында ірі компаниялардың бірі болуға және үлкен көлемде қорғасын өндіруге мүмкіндік береді.