НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданының орталығы - Әйтеке би кентінде мұнай базасы аумағында жанармайы бар цистерна өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған оқиға бүгін, 16 қыркүйекте сағат 13.16- да Қазалы ауданының орталығы - Әйтеке би кентіндегі мұнай базасында болған.
«Мұнай базасының аумағындағы теміржолда тұрған жанармай қалдығы бар цистерна өртенді. Жергілікті серіктестіктің біріне тиесілі цистернаның сыйымдылығы 65 тоннаны құрайды. Төтенше жағдайлар саласы мамандарының күшімен өрт 13.35-те сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда», - деді Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда қаласында кәріз станциясында екі жұмысшы уланып көз жұмды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.