ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада жаппай тәртіпсіздік кезінде ломбардқа ұрлыққа түсіп, алтын бұйымдар ұрлаған екі адам қолға түсті, деп хабарлайды қазАқпарат тілшісі.
Оқиға биылғы жылдың 5 қаңтар күні болды. Сол күні жаппай тәртіпсіздік кезінде екі адам облыс орталығында орналасқан ломбардтан алтын бұйымдар ұрланған.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 4-бөлігінің 3-тармағымен (Аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық) қылмыстық іс тіркелді. Ол сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде Қызылорда қаласының 2 тұрғыны қолға түсті», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Ведомство мәліметінше, күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынған. Тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
Еске салсақ, Қызылордада тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлердің тізімі жасалуда.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.