ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында кәмелетке толмағандар арасында ата-анасымен ренжісіп, үйден кетіп қалу дерегі көбейіп барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының 102 арнасына Қызылорда қаласының тұрғынынан хабарлама түсті. Онда өзінің кәмелетке толмаған қызының түнгі уақытта терезе арқылы үйінен қашып кетіп, осы уақытқа дейін қайта оралмағандығы жөнінде айтылған.
«Полицейлер дереу іздеу жұмыстрына кірісті. Біршама уақыттан кейін жасөспірім қыз құрбысының үйінен табылды. Облыс бойынша былтыр кәмелетке толмағандар арасында хабар-ошарсыз кетудің осындай 92 дерегі тіркелді. Олардың барлығы ата-анасына аман-есен тапсырылды. Осыған орай ата-аналардан балаларын бақылаудан шығармай, жауапкершілікті күшейтуді сұраймыз», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Естеріңізге сала кетелік, өткен жылдың желтоқсан айында Алматы облысында жоғалған жасөспірім Қызылордадан табылды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.