ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада жастар орталығы ашылды. Орталық Сырдарияның жаңа аумағы - дарияның сол жағалауында бой көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш салтанатты шараға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. Облыс басшысы жергілікті жастарды заманауи ресурстық орталықтың ашылуымен құттықтады.
«Аға ұрпақтың ізгі ісі - жастарға жағдай жасау. Биылдың өзінде аймақта мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға 500 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында биылғы жылды Жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Осыған орай қосымша қаралған 70 млн теңге қаржыға жаңа бастамалар бірінші кезекте қолдау тапты», - деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, аймақ басшысының тапсырмасымен ресурстық орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Жастар орталығы ғимараты бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде «ҚазГермұнай» біріккен кәсіпорны» ЖШС демеушілік қолдауымен пайдалануға беріліп отыр. Жастар орталығында IT-park, антикафе, интернет, кітапхана, жаттығу залы қарастырылған және тәулік бойы жұмыс істейтін болады.
Соңғы бес жылда Сыр өңірінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі тұрақты төмендеді. Экономикалық белсенді жастардың саны артты. Қазіргі таңда 510 түлек Ресей үкіметінің грантымен Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларындағы инженерлік жоғарғы оқу орындарында білім алуда. Ал 900-ге жуық дарынды ауыл балалары облыс әкімінің арнайы грантымен республиканың жоғары оқу орындарында аймаққа қажетті мамандықтарды игеруде.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.