ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада екі азамат өздері жазасын өтеп жатқан мекемеде қасындағы адамдарға діни тұрғыдан терроризмді насихаттап, діни ағымның соңынан еруге шақырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш жағдай бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабының 1-бөлігімен қаралған қылмыстық іс қозғалды. Нәтижесінде істерді қарау барысында қылмыстық істің құжаттары және мән-жайлары зерттеліп, толық дәлелденіп бекітілді.
Қызылорда қаласының №2 сотының үкімімен аталған екі азаматқа қатысты үкім шықты. Олардың біріне ҚР Қылмыстық кодексінің талаптарына сай бұрынғы жазаларын ішінара қосып, түпкілікті 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал екіншісіне түпкілікті 13 жыл бас бостандығынан айыруға жаза тағайындау жөнінде сот үкімі шықты.
«Биылғы жылдың 9 айында Қызылорда қаласының №2 сотында терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыруға байланысты 8 қылмыстық іс аяқталды. Оның 5-і бойынша айыптау үкімі шығып, 7 адам бас бостандығынан айырылды», - деді Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы Жұлдыз Жәкеева.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.