ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында «жеңгетайлықпен» айналысқан 35 жастағы әйел қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оны Қызылорда облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері қолға түсірді. Олар келіп түскен ақпарат негізінде жедел жұмыстар жүргізген болатын.
«Бұл азаматша бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 309-бабының 1-бөлігімен тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда ұсталған азаматшаның басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда», - деп жазылған Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Күдіктінің қылмысы дәлелденген жағдайда сот шешімімен мүлкі тәркіленеді. Оған бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.