ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында жеңіл көлік дарияға суға түсіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға облыс орталығындағы «Рисмаш» аумағында түнгі сағат 03:54 шамасында болған. Облыс төтенше жағдайлар департаментіне келіп түскен хабарламада дарияға «Daewoo Nexia» автокөлік түсіп кеткені айтылған.
«Көліктің ішінде екі адам болған. Оның біреуі - 1994 жылғы азамат өз күшімен жағаға шыққан. Сол жастағы тағы бір азамат көліктің ішінде қалып қойған. Оқиға орнына жедел-құтқару жасағынан 1 техникамен 5 адам барды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Ведомство мәліметінше, құтқарушылар 04.20-да су асты іздестіру жұмыстарын бастады. Әзірге нәтиже жоқ.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада мал суаруға барған адам суға батып кетті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.