Қызылордада жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 800-ден аса дерегі анықталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде жер қойнауын заңсыз пайдалануды тоқтату бойынша облыс әкімінің тапсырмасын орындауға арналған баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Жиында облыстық Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Қанатбек Серікбаев, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов баяндама жасады.

Ұсынылған мәлімет бойынша, бүгінгі күнге дейін Қызылордада жер қойнауын өз бетінше пайдаланудың 800-ден аса дерегі анықталған. 

Қанатбек Серікбаевтің айтуынша, Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда «Жол картасына» сәйкес жұмысшы топтар құрылып, оның құрамына прокуратура және мүдделі мемлекеттік орган өкілдері енгізілді.

«Мемлекеттік жер учаскесін немесе оның бір бөлігін заңсыз иелену  жеке тұлғаларға - 170 175 теңге, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 340 350 теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1 588 300 теңге көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады. Сондай-ақ, өз бетінше иеленіп алған жер учаскесінде салынған құрылыс ҚР ЖК-нің 164-1 бабына сәйкес бұзылатындығын ескертеміз», - дейді басқарма басшысының орынбасары. 
Сонымен қатар брифингте жерді басқа мақсатта пайдаланған немесе оны мүлде пайдаланбаған иелерге де шара қолданылатыны айтылды.