Қызылордада жолақысы 90 теңгеге көтерілді

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгіннен бастап Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктер жолақысы 70 теңгеден 90 теңгеге көтерілді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдіктің таратқан мәліметіне сүйенсек, жолақы бағасының қымбаттауы нарықтық экономикаға байланысты болып отыр. Себебі, 2016 жылмен салыстырғанда жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектердің бағасы, оның ішінде «Аи-92» маркалы бензиннің бағасы 124 теңгеден 143 теңгеге, яғни 14 пайызға, дизель отыны 80 теңгеден 130 теңгеге, 38 пайызға, газ отыны 30 теңгеден 58 теңгеге, яғни 93 пайызға өскен.

«Қызылорда автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Қанат Рахметовтің айтуынша, жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектер бағасының өсуінен «Қызылорда автобус паркі» ЖШС толықтай шығынмен жұмыс істеуде. Сондықтан, қоғамдық көліктердің қызметін тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жолақы бағасын көтеру бойынша ұсыныс енгізілді.

«Тарифті көтеру заңдылықтарға сәйкес жасалды. Әдістемелік есептемелер бойынша салыстырғанымызда биыл бір жолаушының орташа жол жүру құны 232 теңгеге шығып отыр. 232 теңгені төлеуге халықтың қалтасы көтермейді. Сондықтан біз ересектер үшін 100 теңге, оқушылар үшін 50 теңге деп белгілеуді қалалық жолаушылар тасымалы бөліміне ұсындық. Заңдылықтарды қарап, қалалық мәслихат депутаттарының құзырына берді. Олар 90 да 40 теңгеге бекітті», - дейді ол.