НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін «Қызылорда-Құмкөл» тасжолында жолаушылар автобусы аударылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«3 желтоқсанда сағат 05:25-те «Қызылорда-Құмкөл» тасжолында жолаушылар автобусының жүргізушісі көктайғақ салдарынан рульді басқара алмай, көлік аударылып қалған» делінген ТЖК таратқан хабарламада.
Мәліметке сай, автобуста 35 жолаушы болған. Апаттан 7 адам ажал құшқан, оның бірі ауруханаға апара жатқан жолда жан тапсырған.
Автобус «Құмкөл-Қызылорда» бағытында кетіп бара жатқан.
Оқиға Қызылордадан 85 шақырым қашықтықта болған. Қызылорда облыстық ТЖД базасында жедел штаб ұйымдастырылды. (7242) 24-41-61, 70-03-28 телефондары бойынша жедел желі ашылды.
Оқиға орнында ТЖД жеке құрамының 13 адамы мен 4 техникасы, полиция қызметінің 6 қызметкері мен 2 техникасы, жедел жәрдем қызметінің 12 қызметкері мен 4 техникасы жұмыс істеп жатыр.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.