ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданының орталығы - Әйтеке би кентінде жолаушылар автобусын тексеру барысында жүргізушінің алкогольді ішімдім пайдаланған соң көлік басқарғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Автобус жүргізушісі Қазалы мен Арал ауданының Қаратерең елді мекені арасында жолаушылар тасымалдап келген. Масаң күйде көлік басқарған ол Қазақстан Республикасы әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабымен жауапқа тартылды.
«Желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде облыс көлемінде «Автобус» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Аталмыш шара нәтижесінде жол-қозғалысы ережесін бұзудың 566 дерегі анықталды. Мұндай ереже бұзуда жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзу, заңсыз қайта жабдықтау, міндетті техникалық тексеруден өтпеу, белгіленген жылдамдық мөлшерін арттыру секілді кемшіліктер орын алғаны белгілі болды. Оларға әкімшілік хаттама толтырылды», - деп жазылған Қызылорда облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сондай-ақ, Қызылорда қаласында бұдан бұрын жеңіл көлік пен автобус соқтығысып қалған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.