ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада әскери қызметтен жалтарған жігіт жазаға тартылды. Әскери қызметшінің ісі қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол қаладағы 55/47 әскери бөлімінің атқыштар ротасының қатардағы жауынгері болған. Жігіт келісімшарт негізінде қызмет атқарған. Жауынгер еңбек демалысынан кейін 12 күн бойы жұмысқа келмей қойған.
Қызылорда гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры Бақытжан Нұрмаханбетовтың айтуынша әскери қызметкер еңбек талаптарын қатаң бұзған. Оны іздестіру шарасы нәтижесінде әскери қызметшінің өзінің үйінде екені белгілі болды. Алайда ол өзінің бұл әрекетін түсіндіріп бере алған жоқ. Кінәсін толық мойындап, сот алдында кешірім сұрады», - деді.
Қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының үкімімен қатардағы жауынгерге 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.