ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жыл басынан бері 248 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 21,6% көбейген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биылғы жылдың 6 айында облыс бойынша 248 өрт оқиғасы тіркелді. Ол 2022 жылдың ұқсас кезеңінде 204 өртті құраған еді. Салдарынан өрт оқиғасы 21,6% көбейгені белгілі болды.
«Өрт салдарынан келген материалдық шығын 100 млн теңгеден асады. Өрт оқиғасынан 3 адам қаза болса, 3 адам жарақат алды.
Тіркелген 248 өрт оқиғасының көпшілігі тұрғын үй секторында болған. Олардың саны 134 өртті құрайды. Ал өрттің 62-і авокөлікте болса, нысандарда 18 өрт жағдайы тіркелді.Ал орман қорында 21 өрт оқиғасы болды. Биыл дала өрті тіркелген жоқ», - деді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада 425 шаршы метрді құрайтын караоке клубы өртеніп кетті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.