ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жылқы малына соққан көлік жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Арал ауданына қарасты Қамбаш елді мекенінің тұсында болды. «Audi» маркалы көлік иесі «Батыс Европа-Батыс Қытай» тас жолының бойында жылқы малына соқты. Көлік жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Көлік ішінде болған жолаушылар түрлі дене жарақатымен Арал аудандық ауруханасына жеткізілген.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстық іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, қорытындылары күтілуде. Жылқының иесін анықтау мақсатында тиісті сала қызметкерлеріне тапсырма берілді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада қаңтар оқиғасында полиция ғимаратына қарулы шабуыл жасағандар ұсталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.