Қызылордада жылу беру қайтадан қалпына келтіріле бастады

ҚЫЗЫЛОРДА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Биылғы жылғы қаңтар айының басында Қызылорда қаласын жылумен қамтамасыз етуде біршама іркіліс орын алған еді. Сол күндері қаладағы көп қабатты үйлердің үштен бірі жылусыз қалды.

Оған сол уақыттары «ҚазГерМұнай» компаниясының жұмыстағы ақаулықтарға байланысты облыс орталығына тәулігіне жеткізіліп тұруға тиісті 20 мың текше метр газ көлемін 5-6 мың текше метрге дейін төмендетіп жібергені себеп болды.

Қазір бұл тығырықтан шығудың жолдары қарастырылды. Сөйтіп, облыс орта­лығының басым бөлігін жылумен қамтамасыз етіп отырған «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорнына облыстық бюджеттен бөлінген 256 млн. теңге қаржыға мазут сатып алынды. Соның арқасында орталықтағы жылу температурасы қазір 75 градусқа жеткізілді. Осы күндері кәсіпорында 5 мың тонна мазут қоры жинақталды. Оны толықтыру мақсатында таяу күндері тағы 3 мың тонна мазут жеткізу межеленіп отыр. Оған қосымша 208 млн. теңге қарастырылды. Сыр бойындағы бас қалада осылайша жылу беру қайта қалпына келтіріле бастады.