Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Облыс әкімі аппаратының отырысында облыстық энергетика басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асылбек Шәменов 2013-2014 жылғы қысқы жылыту маусымына аймақтағы дайындық барысы туралы айтып берді. Бұл кезеңге дейін алда үш айдан астам уақыттың барлығына қарамастан, әзірлік жұмыстары барынша қызу қарқынмен жүріп жатыр. Осыған байланысты іс-шаралар жоспары жасалған. Оның орындалуы апта сайынғы мориторинг арқылы көрініп тұр. Осы күндері облыста 110 қазандықтың 67-сінде тиісті жұмыстар жүруде. Білім беру саласының 272 нысанының 24-і, мәдениет жүйесінің 221 нысанының 49-ы бойынша дайындық сапына қою жұмыстары қолға алынды. Жылу орталығына сұйық отын жеткізу жайы да қарастырылуда.
Жиында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осы орайда энергетика және тұрғын үй коммуналдық басқармаларына Қызылорда жылу-электр орталығын мазут қорымен қамтамасыз ету және ЖЭО мен КРЭК жұмыстарын кредиттік жүйе негізінде ұйымдастыру жөнінде тапсырмалар берді. «Ал Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырының мәселесі шешіліп отыр. Алдағы 1 шілдеден бастап мердігер таңдау қолға алынады. Биылғы жылғы желтоқсан айына дейін құрылыс жұмыстары аяқталады», - деді аймақ басшысы.