ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жылжымалы егу бригадалары халыққа қолжетімді жерлерде және шалғай ауыл-аймақтарды аралап коронавирусқа қарсы вакцина салу ісін бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облысында бүгінге дейін коронавирусқа қарсы екпені 77751 адам салдырды. Ал екінші дозасын 20901 адам қабылдады.
«Өңірде отандық және шетелдік ғалымдардың жасаған екпелерінің қоры жеткілікті. Сондай-ақ, жылжымалы егу бригадалары халыққа қолжетімді жерлерде және шалғай ауыл-аймақтарды аралап вакцина салуда. Қазір өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Қалыпты өмірге қайта оралу үшін сақтық шарасына мән беріп, екпе салдырайық», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов.
Соңғы тәулікте облыста коронавирус инфекциясын 24 адам жұқтырды. Қазір аймақ бойынша инфекциялық стационарда 392 науқас, реанимациялық бөлімде 44 науқас ем қабылдауда.
Еске салсақ, Қызылорда облысында жыл басынан 2,9 мың адам коронавирус жұқтырды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.