Жыр додасына қатысқан талапкерлер Қарасақал Ерімбеттің жыр-дастандарынан үзінді және терме-толғауларының мақам-сазын бұзбай өз нақышында орындады. Байқауға төрелік жасаған қазылар алқысының құрамында Байназар Өтепов атындағы жыршы-термешілер мектебінің жетекшісі Жасталап Оңдабаев, халықаралық жыршы-термешілер байқауының жүлдегері Ақерке Өтепбергенова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Бекзат Қазиқызы болды.
Қорытындысында жүлделі І орынды Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті, Бекарыстан би аулынан қатысқан Қуаныш Алғазиев жеңіп алса, ІІ орынды аудандық мәдениет орталығының қызметкері, Әйтеке би кентінен қатысқан Жәнібек Құтмаханов иеленді, ІІІ орынды Қазалы қаласынан қатысқан Едіге Айдаров және Жалаңтөс батыр аулынан қатысқан Мейірімжан Махамбетжанов қанжығалады. Жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды, бір топ жыршы-термешілер ынталандыру сыйлықтарына мен марапатталды.