ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласына қарасты Ж.Махамбетов ауылында зираттан темір қоршау мен металл қақпаларды ұрлаған екі адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Анықталғандай, олар ұрланған заттарды металл қабылдау пунктіне тапсырған.
«Тексеру барысында күдіктілердің облыс орталығында жасалған осы тектес тағы екі қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. Барлық дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», - деді Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.