Қызылордадағы кәріз насосы станциясында үш адам қаза болды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордадағы кәріз насосы станциясында үш адам қаза болды. Бұл туралы Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар орталығында қала әкімінің орынбасары А. Шәменовтің, Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары С. Молдақараевтың, «Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Н. Диханбаевтың, жұмылдыру дайындығы басқармасы бастығының орынбасары Е. Бәкіровтің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, баспасөз мәслихаты кәріз насосы станциясында болған қайғылы жағдайға байланысты арнайы ұйымастырылған еді. Оның барысында спикерлер Шымбай көшесіндегі №1 кәріз насосы стансасындағы демонтаж жұмыстары кезінде үш адам қаза болғандығын тағы екі адам ауруханада ем қабылдап жатқандығы айтылды.

«№1 станцияда үлкен кәріз насосын жөндеу қажет болатын. Бұл жұмыстармен «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның жұмысшылары айналысқан болатын. Олардың екеуі белгісіз жағдайда уланған және оқиға орнында қаза тапқан. Үшеуі станциядан Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы құтқарушыларының күшімен шығарылған. Олар қатты уланып қалғандықтан облыстық медициналық орталыққа және Қызылорда қалалық ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта олардың біреуінің қаза болғандығы белгілі болды. Қалған екеуінің өмірін арашалап қалу үшін дәрігерлер тер төгуде. Оқиғаның себептері анықталу үстінде»,-деді спикерлер.