ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желіде Қызылорда қаласындағы балаларға арналған оқу орталығында санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталмауы жөнінде ақпарат тараған еді. Осыған байланысты тиісті сала мамандары мән-жайды түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желіде оқу орталығында санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталмағаны жөнінде жазылған. Салдарынан балалар жерде ұйықтап, сол орында тамақ ішуге мәжбүр болған.
Бұған байланысты облыстық білім саласын бақылау департаментінің мамандары түсініктеме берді.
«Осы мақсатта арнайы мониторингілік топ мүшелері оқу орталығында болды. Онда бірқатар санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталмағаны анықталды. Сол арқылы тексеру жасау жөнінде құзырлы органдарға хат жолданды. Оған қоса Қызылорда қаласы әкімі жанындағы балалар құқығын қорғау жөнінде комиссияда орталыққа басшылық жасайтын кәсіпкердің мәселесін қарау жөнінде ұсыныс енгізілді», - деді Қызылорда облысының білім саласындағы бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Мырзағалиева.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.