ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласындағы Жалаңтас Баһадүр атындағы Қызылорда облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына енді дене тәрбиесі және спорт мамандығы бойынша студенттер даярлайтын мектеп-интернат және колледж мәртебесі берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев оқу орнының жұмысымен танысып, ұжымды жаңа оқу жылымен құттықтады.
«2001 жылы Қызылорда облысында спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат болып тұңғыш рет ашылған бүгінгі мектеп-интернат-колледждің тарихы терең. Талай қазақ баласы білім алып, ел игілігіне қызмет атқаруға өмірлік жолдамамен аттанды. Білім мен тәрбие беру жолында есімдері елге танымал, Әлем, Азия чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлері түлеп шықты. Ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Александр Зайчиков, Олимпиада ойындарының қатысушылары, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов, еркін күрестен 3 дүркін Азия чемпионы Дәулет Ниязбеков, дзюдодан жасөспірімдер Олимпиада ойындарының чемпионы, тұңғыш Әлем чемпионы Бауыржан Жауынтаев, еркін күрестен Олимпиада ойындарының қатысушысы Ғалымжан Өсербаев, ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының қатысушысы Қуаныш Рахатов сынды спортшыларымызды мақтанышпен айта аламыз. Игі бастамаларыңызға шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер мен жеңістер, педагогикалық ізденіс, жаңа серпін тілеймін» - деді облыс әкімі.
Мектеп-интернаттың 5 сыныбында 200 оқушы оқиды, ал колледжде «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша 20 студент білім алуда. Биылғы жылы оқу орнында 8 ҚР спорт шебері, 38 спорт шеберлігіне үміткер даярланып, ұлттық құраманың қатарына 31 өрен қосылды.
Үстіміздегі жылдың қазан айында Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өтетін ІІІ жазғы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына мектеп-интернат оқушылары Диас Бахрадин, Эльнура Нұрланова байдарка және каноэден есу бойынша, ал Ерасыл Ергенбай мен Есенгелді Сәпи ауыр атлетикадан қатысады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.