ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Күн райының нашарлауына байланысты Қызылорда қаласынан Түркістан облысының шекарасына дейін көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Департаментке «ҚазАвтоЖол» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалынан республикалық маңызы бар автомобиль көлік қозғалысына шектеу қою туралы хабарлама келіп түскен.
«30 қарашада Астана қаласы уақытымен 21.40-тан бастап ауа-райының нашарлауына байланысты Қызылорда қаласынан Түркістан облысының шекарасына дейін көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды. Бұл республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1803-2057 шақырым аралығын қамтиды», - деп жазылған департамент таратқан хабарламада.
Ведомство мәліметінше, аталған аумақта ауа температурасының төмен жағдайында қар аралас жаңбыр жаууда, көктайғақ болып тұр.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордадағы 5 қабатты тұрғын үйдің шатырын жел ұшырып кетті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.