ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысына Атырау облысындағы коронавирус инфекциясы шыққан Теңіз кен орнынан 169 жұмысшы оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге сала кетелік, «Теңізшевройл» компаниясы ауру ошағы деп танылған вахталық қалашықтан қызметкерлерді қайтару туралы шешім қабылдаған.
«Атырау-Қызылорда» бағыты бойынша жұмысшылар мінген ұшақ «Қорқыт ата» әуежайына келіп қонды. Жолаушылар арасында Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен барлық аудан тұрғындары бар.
Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының хабарламасы бойынша жұмысшылардан КВИ-ге тест сынамалары алынды. Нәтижелері таза болып шықса, үй жағдайында бақыланады.
Бұған дейін аймаққа 168 жұмысшы жеткізілген болатын. Сәуірдің аяғына дейін Атыраудан тағы бірнеше рейстің келуі күтіліп отыр.
Қазірге дейін Қызылорда облысында коронавирус инфекциясы диагнозы 177 адамға қойылды . Оның ішінде 80 адам ауруынан айықты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.