Қызылордалық балалар республикалық «Былғары доп» турнирінің жеңімпазы атанды
16:23, 08 Шілде 2010
ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 8-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Семейде өткен «Coca-Cola Былғары доп-2010» республикалық футбол турнирінің орта топтағы балалары арасындағы сайыста Қызылорда қаласының командасы бірінші орынды жеңіп алды.
Осы турнирге облыс атынан қатысқан Қызылордадағы Ғ.Мұратбаев атындағы №171 орта мектептің балғын футболшылары қарсыластарының бәрін дерлік бет қаратпай жеңді. Олар финалда Петропавл қаласынан келген құрдастарының қақпасына жауапсыз алты доп соқты. Команданың мүшесі Қайрат Амангелді турнирдің ең үздік ойыншысы атанды.