ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінің «Томирис» би ансамблі Біріккен Араб әмірлігінде өтетін халықаралық мәдени фестивальге қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәдени фестиваль 1 желтоқсанда басталады. Оны БАӘ Президенті, шейх Халифа бен Заид әл-Нахаян атындағы гуманитарлық ұйым ұйымдастырып отыр.
«Томирис» би ансамблі 2001 жылы құрылған. Алғаш ашылған кезде би тобының құрамында бар-жоғы 4 өнерпаз ғана болды. Қазір олардың саны отызға жуық. Ансамбль Қызылорда облысындағы бірден-бір кәсіби өнер ұжымы саналады.
«Томирис» би ансамблі бұрыннан халықаралық байқауларда бақ сынап келеді. 2016 жылы ансамбль ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шақыртуымен Түркияда болып, түбі бір түркі жұртының Наурыз мерекесіне қатысып, өнер көрсеткен болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.