Салтанатты шараға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысып, кезінде еңбекте жоғары жетістікке жеткен ардагерге жылы лебізін білдірді.
Сәлима Жұмабекова 1935 жылы Қармақшы ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1953 жылы сауыншы болып бастаған. 1959-1986 жылдар аралығында «Ақжар» кеңшарында әртүрлі жұмыс істеп, күріш өсірумен айналысқан. 1974 жылы күріш егісінің әр гектарынан 84-118 центнерден өнім жинаған. 1980 жылы Сәлима Жұмабековаға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
«Сіз еңбектің шыңын бағындырып ерен еңбектің үлгісін көрсеттіңіз. Сыр өңірінің мақтанышына айналып, өмір және еңбек жолыңыздағы жеңістеріңіз бен жетістіктеріңізді бүгінгі ұрпақққа үлгі етіп келеміз. Алғашқы тың игеру кезеңінде республикамыздың қоймасына құйылған миллиард пұт астыққа Сіздің де қосқан үлесіңіз зор болды», - деді облыс әкімі.
Сәлима Жұмабекова өзіне жасалған құрметке алғысын білдіріп, ақ батасын берді.