ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық ғалымдар коронавирусқа қарсы антисептикалық сұйықтық ойлап тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде қызылордалық ғалым Нұрбол Аппаз мәлім етті.
«Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы химиялық зерттеулер және технологиялар институты ұжымы антисептикалық (вирусқа және бактерияға қарсы) сұйықтық әзірлеп шығарды. Осылайша ғалымдар COVID-19 коронавирусы пандемиясына қарсы іс-әрекетке өз үлесін қосты. Сұйықтық хош иіске ие, қолды кептірмейді, керісінше ылғалдандырады. Антисептикалық әсері кемінде 1 сағат сақталады. Медициналық маскаға сеуіп, кептіріп киюге де болады. Құрамы: этанол, глицерин, дист.су, эфир майлары», - деді Н.Аппаз.
Антисептиктің әр флаконы 30 миллилитрге арналған. Оны 20 күнге дейін пайдалануға болады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.