ЖАҢАҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жергілікті кәсіпкер Қыраш ауылының тұрғыны Өтешбек Омарұлына жаңа үй салып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлібек Нәлібаев Жаңақорған ауданында кәсіпкерлік қызметпен айналысады. Аудандық мәслихаттың депутаты меценаттығымен жергілікті тұрғындарға жақсы танымал.
«Өтешбек ағамызды жастайымнан білемін. Ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығында еңбек етті. Отбасын кеш құрған ағамыздың қазір балалары да есейіп қалды. Әлі күнге дейін баспана мәселесін толық шеше алмай жүрген болатын. Ол кісіге баспана салып беруді өзімнің азаматтық міндетім санадым», - дейді кәсіпкер.
Жаңа үйдің кілтін тапсыру салтанатына ауыл тұрғындары қатысты.
Ел алдында Жаңақорған ауданының бас имамы Сейдулла Омаров, Жаңарық, Қосүйеңкі ауылдарының азаматтары және ардагер-журналист Алмас Бекжігітов лебіздерін білдірді.
Бұған дейін Қызылордада ауылдастары жалғызбасты анаға үй алып бергенін жазған болатынбыз.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.