ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылордада кәсіпкер Мағжан Ералиев үшем тәрбиелеп отырған көпбалалы Кенжебековтер отбасына үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
М.Ералиев басшылық ететін серіктестік 1994 жылы құрылған. Ауыл шаруашылығы саласында, оның ішінде еліміздің күріш индустриясында қарқынды дамып келе жатқан компанияның бірі. Күріш өндірісінде республика бойынша үздіктердің үштігіне кіреді және бұл салаға қомақты инвестиция құйып келеді.
Кәсіпкер қалалық әкімдік пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен қолға алынған «Менің атамекенім» әлеуметтік жобасы аясында көпбалалы жанұяға баспана сыйлады.
Кенжекбековтер әулетінде осыдан үш жылға жуық уақыт бұрын Хадиша, Райяна және Айша есімді үшем дүниеге келген еді. Оған дейін екі ұл бала тәрбиелеп отырған еді. Отбасы жалдамалы пәтерде тұрып келді. Үшемнің әкесі – Нұрболат қарапайым еңбек адамы.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.