Кеңес төрағасы Асқар Махамбетов пен Палата директоры Ғалымбек Жақсылықов бизнес өкілдерін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, экономиканың дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлер тобын марапаттады.
Атап айтқанда, «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» медалімен «Аль-Асад» ЖШС директоры Шанкерей Төреғали Қарышұлы, «Монтажспецстрой» ЖШС-нің бас директоры Үдербаева Рая Пірмағанбетқызы, «К-GroupЛТД» ЖШС-нің басқарма төрағасы Боранбаев Қайрат Жомартұлы, «Озық» ЖШС директоры Сергеев Анатолий Федорович.
Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП-ның «Ісіне адалдығы үшін» ІІІ дәрежелі медалімен: «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС бас директорының орынбасары Кәрім Медет Сәпиұлы, «DALATEX» ЖШС директоры Абизов Ділмұхамед Мінуарбекұлы. Ал «РЗА-Агро» ЖШС-нің директоры Имандосов Нұрлан Самұратұлы, «Т-Т Құрылыс сервис» ЖШС директоры Бисембаев Темір Алдажұмаұлы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Мұнан өзге, Өңірлік кеңес мүшесі ретінде облыстың іскер азаматтарына кәсібін жүргізуде қолайлы жағдай жасауға айтарлықтай үлес қосқан Кеңес мүшелері арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Палатаның дирекциясына мемлекеттік билік органдарымен, үкіметтік емес, қоғамдық және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға, басқару органдары қабылдаған бағдарламалық құжаттарды іске асыруға жәрдемдесу мақсатында 2013 жылы Өңірлік кеңес құрылды. Өңірлік кеңес құрамына аймақтағы белсенді, қоғамда орны бар, кәсіпкерлердің мүддесін қорғай алатын бизнес өкілдері енгізілді.
Өңірлік кеңес құрамында шағын және орта бизнес, құрылыс индустриясы, агроөнеркәсіптік кешен, жүйе құраушы және қала құраушы салаларының өкілдері 3 комитет бойынша: экономикалық, әлеуметтік және құқықтық мәселелеріне қатысты жұмыс жасайды. Кәсіпкерлік нысандары бойынша Кеңес құрамына шағын және орта кәсіпкерліктің - 9, ірі кәсіпкерліктің - 7, бизнес қауымдастықтың - 3, барлығы 19 кәсіпкер енді.
Сонымен қатар, ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлерді және олардың бастамаларын қолдау мақсатында барлық 7 ауданда Аудандық кәсіпкерлер кеңестері құрылды. Аталмыш кеңес құрамына 10-12 кәсіпкерден енген.
Өңірлік кеңес отырысы ай сайын өтіп тұрады. Осының нәтижесінде кеңес шешімімен «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы құрылды. Тағы айта кетерлігі, индустриалдық аймақты дамыту тұжырымдамасы, «2020 жылға дейінгі облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың Жол картасы» бекітілді. «Сервис және қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлер қауымдастығы» құрылып, оның аясында Қызылорда индустриалды-техникалық колледжін облыстық білім басқармасымен бірге әріптестік басқару енгізілді. «Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020», «Агробизнес - 2020» және өзге де мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу тиімділігіне тұрақты түрде мониторинг жасалады.