Қызылордалық кәсіпкерлердің 2 мыңнан астам жобасы қолдау тапқан

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Биыл Қызылорда облысына 424 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда өңір мәслихатының кезекті V сессиясында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото:Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жыл басынан кәсіпкерлікті қаржылай қолдау үшін әртүрлі көздерден 23 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылып, 2 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді.

«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде жыл басынан несие портфелі 14 млрд теңгені құрайтын 484 жоба субсидияланды. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 72 872 бірлікті құрап, 35,6% артты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл басталған жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5 пайыздық жеңілдікпен кредит беру жұмыстары айрықша қолдау тапты. Республикалық бюджеттен 1 млрд 285 млн теңге қаржы бөлінді. Өтінімдер өңірлік бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияда қаралып, 264 жас кәсіпкер оң қорытынды алды. Ал 172 жас кәсіпкер өз кәсібін бастады», - деді аймақ басшысы.


Жас кәсіпкерлердің бастамаларын қаржылай қолдау мақсатында облыс әкімдігі Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігіне тағы 200 адамға 1 млрд теңге қаржы бөлу ұсынысымен шығып, ұсыныс қолдау тапты. Бөлінген қаржы жыл аяғына дейін өз мақсатына бағытталады.