ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылордалық көршісінің балаларын өрттен құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 3 желтоқсан күні кешке болған. Көп қабатты үйде тұратын отбасының бір айлық және жеті жасар балалары үлкендердің бақылауынсыз қалған. Сол сәтте 7 жастағы бүлдіршін отпен ойнаған. Ол кезде әкесі үлкен баласын мектептен алып қайтуға, аналары дүкеннен нан алуға сыртқа шығып кеткен.
Пәтерден шыққан өртті төменгі қабаттағы көршісі Медет Рахметов алғашқылардың бірі болып байқаған. Ол бірден құтқару қызметіне хабарласып, өзі әрекет жасаған.
«Нәтижесінде ол түтін арасынан бір айлық сәби мен 7 жастағы баланы құтқарып қалды. Жедел жәрдем қызметі балаларды облыстық балалар ауруханасына алып кетті. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деді қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.