Қызылордалық нумизмат 40 елдің ақшасын жинаған
Осыдан он жыл бұрын бір танысы оған Оңтүстік Кореяның 100 вондық валютаны қолына ұстатып, қызығушылығын оятқан. Содан бері өзге елдің ақшасын көрсе болды, коллециясын толықтыруға асығып тұрады. Ғалым Ибраев әр елдің ақшасын жинау тек сүйікті ісіңмен айналысу ғана емес, сол елдің тарихына үңілу деп біледі.
Қоржынында Еуропа, Азия, Африка, ТМД елдерінің ескі ақшалары бар коллекционердің ең көне ақшасы - XIV-XV ғасырларда, шамамен Алтын Орда мемлекеті өмір сүрген кезеңнің тиыны. Бүгінде қарабақырға айналған тиынның құндылығы тым жоғары. Әріптесі, университеттің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев осы бағалы тиынның сол кезеңнің ақшасы болғанын растаған. Онда екі бүркіттің басы бейнеленген.
«Дәл қазір менде қазаз ақшаларды, тиындарды, монеталарды - барлығын қосқанда 300-ге жуық ескі ақша бар. Біздің елімізден алыс Тынық мұхиты елдерінен бастап, көршілес мемлекеттердің валюталары да бар. Бірақ мен ең құнды ақша деп Ресей империясы тұсында шығарылған ақшаларды айтар едім. Мәселен, 1909 жылы шыққан 10 сомға сол тұста үш сиыр сатып алуға болатын болған», - деді ол.
Сөздің арнасын қайтадан пластик ақшаға бұрсақ. Румынияның - лей, Малайзияның - ринггит, Сингапурдың доллары пластиктен жасалған ақшаның сапында. Коллекционердің айтуынша, мұндай ақшалардың тиімді тұстары көп. Біріншіден, ұзақ уақытқа жарамды. Ал қағаз ақшалар он жылдан кейін айналымда жүруден қалады. Екіншіден, пластикті пайдаланып, жалған ақша шығару - қиыннын қиыны. Мұндай жаңа әдіспен жасалатын пластик ақша біздің елімізге әлі жете қойған жоқ. Тек нумизматтың қоржынынан табылады.