Қызылордалық оқушылар сингапурлықтарды TIMSS қорытындысы бойынша артта қалдырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы TIMSS қорытындысы бойынша Қызылорда облысының 8-сынып оқушылары әлем рейтингісінде алдыңғы қатарда тұрған Сингапурдан да жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, байқауға Қызылорда облысынан  13 мектептен (7 қазақ тілінде оқытатын және 6 аралас) 857 оқушы қатысты.

Орыс тілінде оқитын Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе облыстарының 4-сынып оқушылары жалпы рейтингте үздік 5 мемлекеттің  көрсеткіштерімен салыстырмалы және одан да  жоғары нәтижелерді көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, халықаралық математика және жаратылыстану пәндері бойынша білім беру сапасына халықаралық мониторинг жүргізетін TIMSS (ағылш. TIMSS - Trends in Mathematics and Science Study) зерттеуі Халықаралық  IEA білім беру жетістіктерін бағалау қауымдастығының ұйымдастырған бағдарламасы болып табылады. Бұл зерттеу 4-сынып оқушылары мен 8-сынып оқушыларының математика және жаратылыстану тәрбиесінің деңгейін, сапасын әлемнің әртүрлі елдерінде салыстыруға, сондай-ақ ұлттық білім беру жүйесіндегі айырмашылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.

2007 жылдан бастап қазақстандық оқушылар рейтингке қатысады. Қазақстан 179 мектептен (4710 төртінші сынып оқушылары және 4869 сегізінші сынып оқушыларын) жалпы саны  9 579 оқушыны қатыстырды. Математика бойынша 4-сынып оқушыларының орташа балы 544 ұпай, жаратылыстанудан 550 балл жинаса, 8-сынып оқушылары математикадан - 528 балл, жаратылыстану ғылымдарынан - 533 ұпаймен көзге көрінген.

Келесі зертеу 2019 жылы жүргізіледі.