ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық өнерпаз өрен Дінмұхамед Төлеубай Украинаның Харьков қаласында өткен «Спивограй» онлайн фестивалінде бас жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл 25-ші мәрте өткізілген фестивальде Дінмұхамед вокалдық ән номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Ол облыстық халық шағармашылығын дамыту орталығында тәлім алады. Оған бұған дейін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қаракөз Ақдәулетова тәлім берді. Қазір Дінмұхамед ұстаз Жадыра Белгібаевадан ән айтудың қыр-сырын үйреніп жүр. Конкурс барысында Ж.Белгібаева алғыс хатпен марапатталды.
Д.Төлеубай биылғы жылдың қаңтар айында Беларусьте өткен «Арт-парад» конкурсында Гран-при иегері атанған болатын.
«Дінмұхаммедтің үлкен атасы - Төлеубай кезінде ақындығымен көзге түскен екен. Көптеген шығармалары мерзімдік басылымдарда жарияланған. Айтыста да өз қолтаңбасын қалдырған. Атадан жұғысты болған сол өнердің киесі біздің Дінмұхаммедке қонған шығар дейміз. Әкесі - Ағабек пен анасы - мен екеуіміз де өнерден қашықпыз», - деді анасы Лида Бисенова.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.