Қызылордалық палуандар - еркін күрестен ҚР чемпионатының жеңімпаздары

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Шымкентте грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.

Айтулы жарыста Қызылорда облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі мен Олимпиадалық резерв даярлау орталығында тәлім алатын спортшылар табысты өнер көрсетті, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Жарыс қорытындысында еркін күрестен өнер көрсеткен жерлестеріміз 2 алтын, 1 қола медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.

Атап айтсақ, 61 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Дәулет Ниязбеков пен 74 келіде Ғалымжан Өсербаев Қазақстан чемпионы атанса, 70 келіде Қанат Мұсабеков қола жүлдеге ие болды.

Еркін күрестен облыстың аға жаттықтырушысы Әбутәліп Амановтың айтуынша, спортшылар енді Болгарияда өтетін оқу-жаттығу жиынына қатысады. Одан кейін халықаралық турнирде бақ сынайтын болады.

Ал әйелдер күресінен 55 келіде Гүлсім Қазанова мен 75 келіде Азиза Тұрмағанбет қола жүлдені еншіледі.

Грек-рим күресінен 59 келіде Айдос Сұлтанғали мен 66 келіде Айдос Сүлеймен - күміс,  71 келіде Айдос Мұқан қола жүлделерге қол жеткізді.